Языки народов зарубежных стран Европы, Азии, Африки | Филологический аспект №11 (31) Ноябрь, 2017

УДК 81'367

Дата публикации 30.11.2017

Көмекші сөздердің тіркесімділігі

Жампейсoва Жанар Муратбекoвна
филoлoгических ғылымдарының кандидаты, ассoц.прoфессoр, Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА)

Аннотация: Мақалада көмекші сөздердің тіркесімділік қасиеті туралы айтылады. Көмекші сөздердің тіркесімділігі мысалында тіркесімділік қасиеттерінің мағынаға және контекске тәуелділігі көрсетіледі.
Ключевые слова: көмекші сөздер, валенсия, семантикалық валенттілігі, синтаксистік валенттілігі

Combination of auxiliary words

Zhampeisova Zhanar Muratbekovna
Candidate of Philology, Associate Professor of the International Educational Corporation

Abstract: The valence of auxiliary words is studied in the article. On the example of compatibility of auxiliary words, the dependence of valence properties on the meaning and context is demonstrated.
Keywords: auxiliary words, valence, semantic valence, syntactic valency

Тіл – тілдік бірліктердің өзара байланысты жүйесі. Ол байланыс мағыналық әрі құрылымдық сипатқа негізделеді.

Қазіргі тіл білімінде тіл бірліктерінің  және олардың тіркесінің  мағыналық, мазмұндық сипатына баса назар аударылып отыр.  Синтаксистік семантиканың теориялық негіздері Н.Д. Арутюнова, С.Д. Кацнельсон, Е.В. Падучева т.б. ғалымдардың сөйлемнің структуралық мағынасына арналған еңбектерінде көрініс тапты. Аталған еңбектердің негізінде синтаксистік бірліктердің де семантикасы қарастырыла бастады. Ол, әсіресе, валенттілік пен тіркесімділік теориясымен байланысты берілді.

Алғаш валенттілік термині француз ғалымы Л. Теньердің еңбегінде қолданылғаны лингвистикалық еңбектерден белгілі. Л. Теньер жұмысында валенттілік сөйлемдегі етістік пен актанттары арасындағы байланысқа қатысты қарастырылды.

Кейіннен валенттілікті орыс тіл білімінде С.Д. Кацнельсон қолданып, оны: «сөздердің сөйлемде қандайда бір жолмен жұмсала отырып, басқа сөздермен белгілі бір комбинацияда байланысу қабілеті» деп анықтайды [1, 132 б.].

Тіл білімінде алғаш валенттілік вербоцентристік сипат алып, тек етістікке ғана қатысты қарастырылды. Соның негізінде валенттілік етістіктің  қасиеті ретінде анықталған еді. Дегенмен кейінірек басқа сөз таптарының валенттілігі тілші-ғалымдар еңбектерінде зерттелді (М.Д. Степанова, В.Д. Аракин,   А.И. Кузнецова, т.б.).

Қазақ тіл білімінде тіркесім туралы алғаш С. Нұрханов мақала жазды. Автор тіркесімді сөз тіркесінен ажырата қарауды ұсынады. «Сөз тіркесі – тілдік факт, конструкция, орам, ал сөз тіркесімі – жалпы тіркес атаулыны тудыратын себеп, фактор, импульс», – дей келе, тіркесімге мынадай анықтама береді: «Тіркесім дегеніміз – тілдік единицаның (фонема, морфема, лексема) тілдік ең кіші контекст (фон) құрайтын жағыстырушылық, яғни конструктивтік қасиеті».

С. Нұрханов тілдік ең кіші контекст ең кемі екі элементтен тұратынын, сөйтіп оның қос мүшелі тіркес құрайтынын, қос мүшелі тіркеске аналитикалық формалар (жазып отырмын, өте жақсы), түйдекті тіркестер (ант ету, Зәуреш үшін), сөз тіркестері (әскери серт, дала кемесі, кездесулер өткізу) және предикаттық қатынастағы орам, яғни жалаң сөйлемдер (Сіз армандайсыз) жататынын айтады. Сондай-ақ автор тіркесімнің синтаксистік және лексикалық түрлерін атап, оларды былай анықтайды: «синтаксистік тіркесім – сөздің  тума (врожденное) қасиеті, атрибуты, ал лексикалық тіркесім – сөздің қолданыс ыңғайында пайда болған, тірнек (приобретенное) қасиеті. Сондықтан да синтаксистік тіркесім мейлінше баяу өзгеретін болса, лексикалық тіркесім мейлінше шапшаң өзгереді» [2, 72-73 бб.]. Мақалада жалпы тілдегі   тіркесім қарастырылған, арнайы жеке сөз табының тіркесімі туралы айтылмайды.

Синтаксистік еңбектерде тіркесімділік сөздердің байланысу формалары негізінде анықталып келеді. М. Балақаев еңбегінде былай берілген: «Сөздердің өзара тіркесуі – олардың грамматикалық қасиеттерінің бірі. Сөз тіркесінің синтаксисінде жеке сөз таптарының, олардың бөлшектерінің басқа сөздермен және өзара тіркесу қабілеті, байланысу тәсілдері, сөздердің сөз тіркесін құраудағы қызметі қарастырылады. Қазақ тілінің сөз тіркестері сөздердің өзара тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті болып үлкен екі салаға бөлінеді. …Сөз тіркесіндегі сөздердің басын құрайтын  және сөз тіркестерін жіктеуге критерий болатын синтаксистік тірек – сөздердің байланысу формалары» [3, 40-41 бб.].

Р. Әмір, Ж. Әмірованың «Жай сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде синтаксистік құрылымдағы тұлғалардың байланысы синтаксистік мағынамен ұштастырыла қарастырылған. «Синтаксистік мағына – грамматикалық абстракция сапасындағы мағына. Ол сөз бен сөздің, синтаксистік тұлғалардың арасындағы абстрактылы, жалпылық сипаттағы қатынасты білдіреді.

Мысалы, Ол – инженер дегенде субъект пен предикат заттың арасындағы қатынас көрсетіледі. Бала жас десек субъект пен предикаттық сапаның арасындағы байланыс білдіріледі» [4, 9 б.].

Н.Ж. Құрманова валенттілікті  етістікті сөз тіркесімен байланысты, етістік сөз табына қатысты қарастырады. Етістіктің басқа сөздермен тіркесуін етістіктің маңызды дистрибутивтік белгісі ретінде таниды. Н.Ж. Құрманова валенттілік туралы былай дейді: «Етістіктің валенттілігі – оның синтаксистік қасиеті, яғни етісітктің синтаксемалық жағынан «үйірілуі» деп түсініледі. Синтаксистік бірліктердің етістік айналасына үйірілуі (әсіресе, жіктік жалғаулы етістіктің айналасындағы) олардың синтаксистік семантиканың «тасушылары» екендігін танытады. Бұл жағдайда лексемалардан тұратын лексикалық конструкциялар емес, құрамында синтаксемалары бар синтаксистік конструкциялар негізге алынып отыр. Сонда, етістіктің валенттілігі дегенде, жай лексикалық бірліктердің және түрлі варианттарда келуі мүмкін  жай синтаксистік бірліктердің ара қатынасының анықталуы айтылады» [5, 57 б.].

М. Жолшаева қазақ тіліндегі сын есімдердің тіркесу қабілетіне тоқталған. Автор сын есімдердің валенттілігін қабысу формасының негізінде анықтағанын ескертеді [6].

Қазақ тілінде бір ғана сөздің валенттілігі де қарастырылып отыр. Д.А. Қарағойшиева қазақ және неміс тіліндегі кес(у)сөзінің семантикалық және синтаксистік валенттілігін салғастыра қарастырған. Автор кандидаттық жұмысында тіл білімінде валеттіліктің мәселелеріне тоқтала келіп, валенттілікке тән мынадай белгілерді көрсетеді:

1) валенттілікке квантативті қасиет тән, яғни валенттілік етістікке қандай және қанша актант жалғауын басқарады. Мысалы: қаз. т.: Ол есікті итерді – екі валентті етістік; нем. т.: Es regnet (Жаңбыр жауып тұр) – бір валентті етістік;

2) тура мағыналылық – қаз. т.: Асқар бөренелерді бірінен соң бірін жарып жатыр – валенттілік қатынас. Жүрегім жарылды, жүрегім айныды – тіркесімділік; нем. т.: Sie schneidet seine Haare (Қыз баланың шашын қырқып жатыр) – валенттілік қатынас. Die Luft schneidem mich (Ауа мені қылқындырып барады) – тіркесімділік;

3) валенттілік – бұл потенция, ал потенция кез келген сөзге тән емес, мысалы: жалғаулықтарға, тіркесімділік – бұл сол потенцияны іске асырушы болып табылады;

4) селекциялық қасиет тән – сөйлемдегі немесе сөз тіркестегі сөздер бір-бірімен тек қана тұлғалық қатынастан басқа мағыналық қатынасқа да түседі. Мысалы: қаз. т.: Ит үреді (Адам үрмейді). Шайды ішеміз (Шайды жемейміз). Нем. т.: Brot schneiden (нанды тураймыз),  aber nicht spalten (*нанды шабу – тіркесін қолдануға болмайды);

5) валенттілікке облигаторлық қасиет тән – сөйлемдегі негізгі семантикалық, синтаксистік қызмет етістікке тән болғандықтан, етістік өзінің айналасына актанттарды міндетті және қосымша түрде керектігін басқарады. Мысалы: қаз. т.: Анар қызғылт матаны (қайшымен) кесіп жіберді – «матаны» міндетті түрдегі актант, ал «қайшымен» факультатив түрдегі актант [7, 25-26 бб.].

«Әрбір сөзді жан-жақты тануда оның лексикалық, морфологиялық және синтаксистік қасиеттері негізгі белгі болумен қатар, оның синтаксистік қызметі, оның ішінде де тіркесу қабілеті оны басқа сөздерден (немесе сөз табынан) ерекшеленетін белгілердің бірі болып қаралуы тиіс», – дей келе  Т. Сайрамбаев, дұрысында, әрбір сөздің синтаксистік қызметі сөйлем мүшесі ретінде функциялық белгісі болса, белгілі бір сөздің басқа сөздермен тіркесу қабілеті оның синтаксистік белгілерінің басты түрі екенін көрсетеді   [8, 17 б.]. Әрбір сөз өзінің семантикалық не лексика-грамматикалық табиғатына сай басқа сөздермен тіркесе алады. Бірақ олардың тіркесу қабілеті бірдей емес. Тіліміздегі бірқатар сөздердің тіркесу қабілеті кең   болып келсе, кейбір сөздің тіркесу мүмкіндігі төмен. Сөздердің мағыналық және тұлғалық байланыстары сол сөздердің тіркесу қабілеттілігін   танытады. Негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі туралы айтылып жүргенімен, негізгі сөз бен көмекші сөз арасындағы тіркесімділік назардан тыс қалып келеді.

Түйдекті тіркес құрамына енетін тілдік бірліктердің өзара тіркес құруы туралы айтылмай келеді. Бұл мәселені анықтау олардың түйдекті тіркесті ұйымдастыру қабілетін білуге көп септігін тигізері анық. Түйдекті тіркес тіркесімі ерекше. Түйдекті тіркес құрамындағы тілдік элементтер іштей өзара тіркесіп барып, сөз тіркесінің құрамына енеді. Сонда түйдекті тіркесті сөз тіркесінде екі тіркесімділік жүзеге асады.  Оны шартты түрде ішкі тіркесімділік және сыртқы тіркесімділік деп атауға болады. Ішкі тіркесімділік түйдекті тіркес сыңарларының арасында орындалса, сыртқы тіркесімділік түйдекті тіркес пен сөз тіркесі сыңары арасында көрінеді.

Түйдекті тіркестер синтаксистік тұрғыдан бағыныңқы, басыңқы сыңарға талданбайды. Сөз тіркесінің бірден-бір қасиеті синтаксистік компоненттерге жіктелуі болып табылады. Түйдекті тіркестер сол тобымен түйдектелген қалпы сөз тіркесінің бір ғана сыңарының қызметін атқарады. Түйдекті тіркес құрамындағы көмекші сөздің (көмекші есім мен көмекші етістік) белгілі бір формада түрленуі олардың морфологиялық сипаты болып табылады. Олар синтаксистік тұрғыдан бір ғана қызмет атқарады, бір ғана грамматикалық қатынастың көрсеткіші болады. Сөйтіп, негізгі сөз бен көмекші сөз сөз тіркесі (сөйлем) құрамында бөлінбейтін біртұтас «синтаксистік бірлік» құрайды.

Атауыш сөз бен көмекші сөздің бір-бірімен тіркесуі көбіне еркін түрде жүзеге асады. Айталық, Ол үйге қарай барды, Ол үйге дейін барды деген сөйлемдердегі шылаулы сөз тіркесінің жасалу үлгісі бір, мағынасы әр түрлі. Көмекші сөзді таңдау немесе қолдану сөйлеушінің белгілі бір ақпаратты жеткізуіне байланысты қолданылады. Түйдекті тіркес – септік жалғау мен көмекші сөздерден кейін пайда болған тарихи тілдік құбылыс. Ол адамзат ойы мен санасының даму барысында тілдік қажеттіліктен пайда болған. Дегенмен, көмекші сөздерді қолданудың орны, шегі бар. Ол шек, бір жағынан, көмекші сөздердің мағынасымен, екінші жағынан, сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына байланысты деуге болады. Негізінен, көмекші сөздер атауыш сөздерден лексикалық және грамматикалық мағыналары жағынан ерекшеленеді.

Сөз таптарын анықтауда, ең алдымен, сөздің лексикалық жағы ескеріледі. Ал лексикалық жағын ескеру деген сөз – олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей [9, 129 б.]. Екіншіден грамматикалық жағы ескерілуі тиіс. Жалпы тіл білімінде сөздерді сөз табына бөлуде тілдің мына белгілері басшылыққа алынады: морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік. Негізінен сөздерді сөз таптарына жіктеуде синтаксистік белгілерге баса назар аударылып келді. Қазіргі тіл білімінде сөздерді сөз таптарына таптастыруда ономосиологиялық принцип бірінші орынға қойылып жүр. Сөзіміз дәлелді болу үшін Е.С. Кубрякованың «Синтаксистік деңгей расымен де тілдік иерархияда басты орын алатыны сөзсіз, сөйте тұра оның өзі семантикаға әрі сол деңгейдегі сөздерді мағыналық жақтан топтастыратын ономасиологиялық                      (ұғымдық) принципке тәуелді» дегенін негізге алуымызға болады  [10, 33 б.]. Болмыс пен тілдік құбылыс арасындағы байланысты анықтау, сол болмысқа атау таңу немесе ат таңдау тілді ономасиологиялық                 тұрғыдан зерттеудің басты мақсаты болып табылады. «Номинация дегеніміз – зат пен құбылысқа тілдік бірлік арқылы ат қою, сол атауды белгілі бір референтке арнайы таңба арқылы телу» [10, 33 б.]. Сонда тіл заттың өзін емес, ұғымды белгілейтін болып шығады. Вильгельм фон Гумбольдттың сөзімен айтсақ «сөз рухы заттан тыс тілдік шығармашылықта бейнеленеді», онда номинативтік қызметті толық мағыналы сөздермен қатар көмекші  сөздер де атқара алады деуге әбден болады, әрине, көмекші сөздер өздері қатысты сөздермен бірлесіп қана номинативтік қызметті атқаратыны даусыз. Бұл жерден көмекші сөздерге тән белгілі бір лексикалық мағынаның болатынын көреміз. Ол мағына атауыш сөздермен селбесіп келгенде ғана айқын танылады.

Түйдекті тіркес құрамындағы негізгі және көмекші сөздер көтеретін семантикалық жүк біркелкі емес. Негізгі компонент номинативтік қызмет атқарады. Көмекші сыңардың лексикалық мағынасы көмескіленген. Алайда екі компонент тіркескенде жаңа ортақ мағыналық ұғым туады. Мысалы, үйде ешкім жоқ, жалғыз отыр едім, тамды әлдекім дүсірлетіп, әлденеше рет айналдыра шапты да, ат терезенің алдына келіп осқырына тұра қалды. (Д. Исабеков). Берілген сөйлемде мынадай түйдекті тіркестер бар: әлденеше рет, терезенің алдында. Тіркес құрамындағы әлденеше, терезенің сөздерін жеке алып қарасақ, олардың белгілі бір зат, құбылыс атауы екені анық. Көмекші компоненттер рет нумератив сөз бен алды көмекші есімдерінің лексикалық мағынасы солғындай бастаған, жеке тұрып белгілі бір құбылыс (зат) атауы бола алмайды. Дегенмен, аталған көмекші сөздерді негізгі сөздермен тұтастыра қарасақ, олардың тіркесінен белгілі бір ортақ ұғымның пайда болғанын көреміз. Жоғарыдағы сөйлем құрамындағы көмекші сөздерді алып тастасақ, синтаксистік қатынасы толық тұрақтамаған бейберекет сөздер тобы шығады. Мысалы: үйде ешкім жоқ, жалғыз отыр едім,  тамды әлдекім дүсірлетіп, әлденеше (рет) айналдыра шапты да, ат терезенің (алдына) келіп осқырына тұра қалды. Толық мағыналы сөздердің өзі дәл осы сөйлемде көмекші сөздерсіз мағыналық айқындығы жоқ топтарға айналғанын көреміз.

Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы туралы мәселе тіл білімінде даулы мәселелердің бірі болып саналады. Бір топ ғалымдар көмекші сөздердің көмекші сөздердің лексикалық мағынасы мүлдем жоқ десе (И.И. Мещанинов, А.М. Пешковский, А.А. Шахматов, т.б.), екінші топ ғалымдар көмекші сөздердің лексикалық мағынасының барлығын айтады (В.М. Жирмунский, В.В. Виноградов, А. Ысқақов, М. Оразов, т.б.).

Көмекші сөздерде лексикалық мағына бар ма, жоқ па деген мәселе  олардың мағына дербестігінің әр түрлі деңгейде көрінуінен туындап жатса керек. Себебі көмекші есім көмекшілік қызмет атқаратын етістіктердің шылау және басқа көмекші сөздерге қарағанда лексикалық мағынасының анық екенін байқау қиын емес. Және бұл мәселе грамматикалық еңбектерде де айтылып жүр. Дегенмен, көмекші сөздердің грамматикалық мағынасымен қатар лексикалық мағынасының белгілі бір дәрежеде  бар екенін мойындау керек. Айталық, қарай септеулік шылауының лексикалық мағынасы, оның басқа септеуліктерден – арқылы, дейін, үшін,            соң, кейін т.б. – ажыратып тұрған мағынасы болып табылады. Қарай шылау   сөзі көп мағыналы: мекен мағыналы сөздермен тіркесіп, істің бағытын білдіреді; мезгіл мағыналы сөздерге тіркесіп, сол сөз арқылы аталған мезгілге жуық, жақын шақты білдіреді; мезгіл, мекен мағынасы жоқ сөздерге тіркесіп, істің амалын, тәсілін білдіреді [11, 223 б.]. Қарай көмекші сөзінің мағынасында абстракция басым, бірақ олар негізгі сөзбен тіркесіп ақиқат өмірде бар қатынасты бейнелейді. Қарай шылауының негізгі мағынасы – бағыттық мағына болса керек, яғни белгілі бір мекенге, орынға бағытталған. Сол мекен, орын үй, мектеп, дала, қала, ауыл, т.б. болуы мүмкін, сонда «бағыттық» мағына қарай септеулігінің мағыналық шоғыры болып есептеледі.

Қандай тіркес болмасын бәрінің шыққан төркіні сөз тіркесі екені белгілі. Түйдекті тіркес сөз тіркесімен, тұрақты тіркеспен, шектеулі тіркеспен, атаулық тіркеспен сыртқы тұлғасы жағынан ұқсас, яғни өзінің сөз тіркесі кезіндегі бөлек жазылу қалпын сақтап қалған. Бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.


Список литературы

1. Кацнельсон С.Д. О грамматической категории // Вестник ЛГУ. Серия: История языка и литературы. – 1948. – № 2. – С. 132-144.
2. Нұрханов С. Тіркесім және оның түрлері // Қазақстан мектебі. – 1965. – №12. – 71-74 бб.
3. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Білім, 2004. – 224 б.
4. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 199 б.
5. Құрманова Н.Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесінің жүйелік-құрылымдық сипаты және оны талдау жолдары. – Алматы: АГУ, 2001. – 70 б.
6. Жолшаева М. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімдердің тіркесу қабілеті: Филол. ғыл. канд. дис. автореф. – Алматы, 2001. – 24 б.
7. Қарагойшиева Д.А. Етістіктердің семантикалық және синтаксистік валенттілігі (кес(у) – schneiden етістіктер материалы бойынша): Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2005. – 173 б.
8. Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Рауан, 1991. – 178 б.
9. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 384 б.
10. Кубрякова Е.С. Части речи в ономасиологическом освещении. – М.: Наука, 1978. – 115 с.
11. Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология: І, ІІ бөлім. – Алматы: Ғылым, 1967. – І бөлім. – 260 б.

Расскажите о нас своим друзьям: