Сравнительно-историческое, типологическое и сопоставительное языкознание | Филологический аспект №4 (24) Апрель, 2017

УДК 81.1

Дата публикации 30.04.2017

Үштілділік саясаты

Молдабаева Магира Китобаевна
Казахская головная архитектурно-строительная академия, Казахстан

Аннотация: В данной статье рассматривается триединство языков как существенный фактор укрепления общественного согласия. А также политика трехъязычия, направленная на освоение казахстанцами казахского, русского и английского языков которая проводится в казахстанском обществе.
Ключевые слова: Трехъязычия, политика, триединство языков, казахский язык

Politics of threelingualism

Moldabayeva Magira Kytobaevna
Kazakh Leading Academy of Architecture and Civil Engineering, Kazakhstan

Abstract: This article considers triunity of languages as an essential factor in strengthening public harmony, also politics of threelingualism which leads to mastering by Kazakhs of the Kazakh, the Russian and the English languages in the Kazakstani society.
Keywords: threelingualism, politic, triunity of languages, Kazakh language

Қазіргі таңда Қазақстан қоғамында үштілділік саясаты жүріп жатыр, ол қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруіне бағытталған. Үштілділік саясаты өзінің ана тілін ұмытуды талап етпейді, керісінше ол қазақ тілін бірінші орынға қояды. Қазақстан Республикасында мемлекеттегі халықтардың тілдік байлығын дамытуға ерекше назар аударылып, қамқорлық көрсетіледі, оның қазіргі заманғы қоғамды дамытудағы рөлі бағаланады. Мұны егеменді Қазақстанда алғашқы болып қабылданған  заңдардың бірі «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» (11.07.1997 ж.) Заңын оқығанда түсінуге болады, ол Қазақстан халықтарының барлық тілдерін ұлттық қазына, мемлекеттің тарихи-мәдени мұрасы деп жариялайды. Қазақстандағы  тілдерді дамыту мәселесі үнемі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бақылауында болды, ол жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында білім беруге, мәдениет, тілдерді білу мәселесіне әрқашан үлкен көңіл бөліп отырды.  Елбасының жолдауында «Халық өз ұрпағын даналықпен тәрбиелейді, оның денсаулығына, білім алуына және дүниетанымына қамқорлық көрсетеді… Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей жақсы меңгереді… Ол бүкіл әлемге танымал және сыйлы өз елінің патриоты болады», – деп тікелей айтылған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығында Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Тілдердің дамуы мен қызметтері бекітілген, онда мемлекеттің басты мақсаттары, міндеттері және бағыттары көрсетілген.

Қазақстан қостілділіктен үштілділікке өтуге ұмтылыстар жасау үстінде және бұл қалыпты жағдай, өйткені орыс және ағылшын тілдері тілдік қатынас құралы болумен қатар, әлемдік білім алудың айқын арнасы да болып табылады. Бірнеше тілді меңгеру әлемдік бірлестіктерің экономикалық және мәдени саласына Қазақстанның барынша белсенді тоғысуына мүмкіндік береді. Бірақ Қазақстандағы мектептер шеңберінде үш тілде білім берудің тұтас жүйесін жасаған кезде ғана бұл мақсатқа қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде Қазақстанда мұндай жүйені қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Көптілді білім берудің тиімді жақтары өте көп. Тілдік қатынас құралы бола тұра, тіл баланы тұлға ретінде қалыптастырады.  Дәл осы тіл арқылы бала бабаларымыздан мұраға берілген ұлттық байлығымызды, қазынамызды таниды. Өзге халықтардың тілдерін меңгере отырып, бала сөздерді, олардың қалай дыбысталатындығын, мағынасын біліп қана қоймай, сонымен бірге, аталған халықтардың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, халық ауыз әдебиетімен, ұлттық ойындарымен танысады. Және әлемдік мәдениеттің көптүрлілігін тану арқылы Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, азаматтық патриотизм, өзінің халқына және ана тіліне деген мақтаныш сезімі қалыптасады.

Біздің ел халықтар мен ұлттардың көптүрлілігімен ерекшеленеді. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, үштілділік қоғамдық татулықты күшейтудің маңызды факторы болып табылады. Мәдениет пен тілдердің көптүрлілігі – бұл Қазақстанның ұлттық игілігі. Осыған байланысты, қазіргі заманғы тілдердің рөлін ерекше қырағылыпен түсіну біздің алдымызға тілдерді оқытудың нәтижелілігі және оқушылардың көптілділік деңгейін көтеру туралы мәселені қояды. Көп мәдениетті тұлға деп өзінің мәдениеті арқылы басқаларға бейімделген индивидті айтамыз. Өз мәдениетін терең білу ол үшін – басқа мәдениеттерге қызығушылықтың іргетасы, ал көпшілікпен танысу – рухану баю мен дамудың негізі. Бұдан басқа да маңызды мәселе: егер нақты индивидтің ұлттық мәдениеті мен тіліне деген қажеттілігі болса, онда оларды меңгеруге ұмтылуға және өзін өз халқымен теңестіруге ниеті бар ма. Мемлекет осы үш фактордың әрқайсысының нақты қалыптасу жолдарын қарастырып, жан-жақты көмек көрсетуге және ана тілі мен мәдениетін меңгеруге ынталандыруға тиіс. Бірақ мұнда тұлғаның ұстанған бағыты шешуші рөл атқарады. Мемлекеттік тілді білу және бірнеше тілді меңгеру елдегі азаматтардың жеке бәсекелестікке қабілеттілігінің факторына айналады. Мемлекеттік деңгейде әрбір қазақстандық кем дегенде үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі тиістігі туралы қағидалар белгіленуде. Бұл адамның өзін-өзі жүзеге асыруына үлкен мүмкіндіктер ашады, ой-өрісін айтарлықтай кеңейтуге және өз еліне барынша қажет болуға көмектеседі.

Қазақстанда егемендік және жаңа мемлекеттік тіл саясаты жағдайында, бұрынғыға қарағанда, жаңа тілдік жағдайды қалыптастыруға қатысатын құндылықтарға бағытталған жастар буына өсті. Үштілділік, шын мәнінде, мультилингвизм, әрине байытады. Зерттеушілер мультилингвизмнің артықшылықтарын сипаттайды: «… бұл жаһандық менталитетті қалыптастыратын маңызды фактор», «бұл тек бірнеше тілде сөйлеу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар, бұл бірнеше өркениеттің мәдени құндылықтарын өзіне сіңірген ойлаудың ерекше түрі де, басқаша айтқанда, диалогқа ашық ойлау». Қазақстандық қоғамды болып жатқан экономикалық және әлеуметтік жаңартудың маңызды аспектілерінің  бөлігіне ұлт Көшбасшысының аса көңіл бөлуінің себебі анық және ол терең зерттеуді және талдауды қажет етеді, өйткені дәл осы біздің республикада ғана мемлекет Басшысының бастамасымен бірегей жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі заманда көптілді және мультимәдени әлемде тілдердің түйіндесу мәселесі, қоғамдарды шоғырландырып нығайту бойынша тілдер саласында тиімді және өмір сүруге қабілетті бағдарламаларды табу бұрынғыдан да өзекті мәселеге айналды. Осылайша, Елбасының тілдердің тұғырлылығы туралы идеясын енгізудің нәтижесі болып табылатын көптілді білім берудің маңыздылығы мен өзектілігі күмән тудырмайды.

Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы идеяны Елбасы бірінші рет 2004 жылы жариялады, содан бері бұл мәселеге бірнеше рет оралды. Сөйтіп, 2006 жылдың қазан айындағы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында, кем дегенде, үш тілді білу біздің балаларымыздың болашағы үшін аса маңызда екендігін атап өтті. Ал, 2007 жылы Елбасының Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»  Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын кезең бойынша іске асыруды бастауға ұсыныс жасады. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа тілдік саясатының жобасы жасала бастады, бұл бүгінгі күні әлемнің өзге елдері үшін қоғамдағы танымалдығы жағынан да, өзінің тиімділік деңгейі жағынан да үлгі бола алады. Халықтың рухани даму үдерісіне үйлесімді енген тілдік саясат ауқымды әлеуметтік жаңғырудың жалпы саясатының ажырамас бір бөлшегі болып табылады. Елбасы жаңғырудың сәтті болуы үшін әрбір азамат өз Отанына керек, қажет болудың маңызы зор екендігін айтады. Жаңғыру барлық қазақстандықтарға қажет. Тек осылай түсінгенде ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады(Н.Ә. Назарбаев)

«Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс, – деп Елбасы бірнеше рет айтып өткен болатын. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға сәтті кіру тілі» (Н.Ә. Назарбаев)

Қазақстандықтар үшін тілдердің үш тұғырлығы идеясы аса маңызды, өйткені мемлекет басшысы оны уақыттың сын-тегеурініне қарсы жауап ретінде, жаһандық әлемге белсенді кіретін қоғамның елеулі қажеттіліктерін қанағаттандыратын шешім ретінде тұжырымдады. Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа кіруі бүгінде қарапайым ақиқатты түсінуге және оны жүзеге асыруға байланысты болып отыр: әлем үстем тілдерді меңгеру арқылы жаңа білімдерді меңгере алатындарға ашық. Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдай тілдердің үш тұғырлығын қоғамдық келісімдерді нығайтудың маңызды факторы деп қарауға мүмкндік береді. Мәдениеттер мен тілдердің көптігі, олардың тең дәрежеде болуы біздің елдің игілігі болып табылатындығы сөзсіз, ал ал жүргізіліп жатқан тілдік саясат барлық ұлттардың тілдік құқығын сақтауды қамтамасыз етумен қатар, тілдік қатынас жасауда, білім алуда, шығармашылық қажеттіліктерді жүзеге асыруда еркіндік береді.

Қазақстандық қоғамдастық үшін үштілділіктің оңтайлы дамуы бірыңғай саяси, идеологиялық, мәдени тұғырнама шартында ғана мүмкін болып отыр және бұл тұғырнаманың «Тілдердің үш тұғырлығы» жобасына түсіндірме беру кезінде Елбасы қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға сәтті кіру тілі екендігін айтқан болатын.

Сонымен бірге, соңғы бірнеше жылдарда Қазақстанда өрбіген тілдік жағдай аясындағы пікірталастар көптілділікпен байланысты, ол тілдік білім берудің жаңа қырлары жөнінде айтуға мүмкіндік береді. Көптілді білім беру – тілдік білімдерде және біліктерде, тілдік және сөйлеу әрекеттерінде, тілдер мен мәдениеттерге эмоционалды-құндылықтық қатынастарда іске асырылатын, адамзаттың маңызды әлеуметтік тәжірибесінің «үзігі» ретінде бір уақытта бірнеше тілдерді меңгеруге негізделген көптілді тұлға ретінде индивидті оқытудың, тәрбиелеудің және дамытудың мақсатты, ұйымдастырылған нормаланған үш тұғырлы үдерісі. «Көптілді тұлға – бұл көп тілді жетік меңгерген адам. Сол себепті «полимәдениетті тұлға дегеніміз «дамыған лингвистикалық саналы индивид». (Ахутина Т. В.) Көптілді тұлғаның қалыптасуы – көпмәдениетті білім беру кеңістігін дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Тарихи тұлғамен қатар, көпмәдениетті тұлға айқын географиялық санаға, планеталық санаға, сонымен бірге, туған аймақ, кіші отан, туған жер, туған отбасы санасына ие болуы керек. Көпмәдениетті тұлға жеткілікті дәрежеде жарқын көркем-эстетикалық санаға, атап айтқанда, кең елестету қабілетіне, нәзік сезімге ие, әдемілікті бағалай алатын, көркем талғамды, өнер туындыларын түсіне білетін болуы қажет, оны театр, кино, теледидар, әдебиет, музыка, сурет өнері тәрбиелейді. Көркем-эстетикалық сананың ерекшелігі – ол көркем шығармашылық тәжірибеде,музыкалық аспаптарда ойнауда, ән айтуда, сурет салуда және т.б. жиі жүзеге асырылады. Сондықтан ол көбінесе этномәдени білім беру мақсаттарына сәйкес келеді. Оның қалыптасуы индивидке өзінің халық мәдениетіне тікелей қатысы бар екендігін сезінуге мүмкіндік береді, ұлттық сәйкестендіру жеке бояуға ие болады. Көпмәдениетті тұлғаны біріктіретін құрам тұлғаның құқықтық санасы болуға тиіс, ол мемлекеттегі Конституцияның және Қазақстан Республикасының заңдарын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді ұстану және қолданудың барлық тәжірибесі арқылы, сонымен қатар, олар белгілейтін азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қанағаттандырудың іс жүзіндегі жағдайы арқылы қалыптасады.

Көпмәдениетті тұлғаның, ең алдымен, тұтас дүниетанымы болуға тиіс. Бұл мұндай индивидтің білімі мен білігі байланыстар мен қарым-қатынастардың өзара байланысты және өзара шарттасқан, күрделі сипатын әлемге, қоғамға, мәдениетте көрсетуге мүмкіндік беретін жүйеде қалыптасқан дегенді білдіреді. Тұтастық – жоғары дамыған және ақылмен ұйымдастырылған дүниетанымның өлшемі. Көпмәдениетті тұлға – дамыған лингвистикалық саналы индивид. Ана тілін және мемлекеттік тілді білу, шет тілін меңгеру тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның жан-жақты дамуына ықпал етеді, толеранттылық мен әлемді ауқымды дәрежеде көру ережелерін қалыптастыруға көмектеседі.

Көпмәдениетті тұлға – көрнекті тарихи саналы тұлға. Дәл осы тарихи сана этникалық сананың да, жалпымемлекеттік сананың да негізі болып саналады. Этностың мың жылдық тарихында қалыптасқан ұлттық менталитет, мифтер, символдар, бейнелер, стереотиптер тек халықтың тарихын білу арқылы ғана таныла алады. Мемлекетте өмір сүріп жатқан халықтардың тарихын, мемлекеттің тарихын білу тарихи сабақтастық, тарихи тамырластық сезімін туындатады, жер тарихына өзінің де қатысы бар екендігін, көптеген жылдар және ғасырлар бойы бірге өмір сүріп жатқан халықтардың тағдырының ортақ екендігін түсіндіреді.

Қазақстанның нағыз патриоты кез келген ұлттың азаматын өзімен тең құқылы индивид ретінде көреді. Көптілді тұлғаның қалыптасуы тек мәдениеттің, тарихтың, географияның, әдебиеттің, өнердің, ғылымның қосылуы арқылы ғана емес, сонымен қатар, ана тілі мен мәдениетін бір ғана ортақ әлемдік мәдениеттің бір бөлігі ретінде түсіну арқылы жүзеге асады. «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Осы құндылықтардың арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр» ( Н.Ә. Назарбаев ).

Көріп отырғанымыздай, көпмәдениетті тұлғаның басты өлшемдері эмпатия, жанжалға бейім болмау, толеранттылық сияқты сапалар, яғни  субъектілердің диалог жүргізуге ықтимал мүмкіндігі болып табылады. Индивидтердің тілдерді білуі мәдениетаралық коммуникация үдерісі үшін бұлжымас талап болып табылады.

Қорыта айтқанда, шет тілдерін меңгеру мүмкіндігі, нақтырақ айтқанда, қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін игеру жастар үшін жарқын болашақтың кепілі, өйткені бірнеше шет тілін, оның ішінде, ағылшын тілін меңгерген студенттер өздерінің мамандығына және тілдерді білу деңгейіне қарамастан еңбек нарығындағы бәсекелестікке бейім, дайындығы мол болады. Бірақ тілдерді меңгеру үдерісі – өте күрделі үдеріс. Шет тілінде білім берудің сапасын жақсарту бітірушінің болашақ кәсіби жұмысында өз қабілеттерін барынша жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құзіреттіліктер жиынтығына ие студенттің жаңа типі – мультилингвалды тұлғаның қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз.


Список литературы

1. Назарбаев Н.А. Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана от 7.01.2012 г.
2. Назарбаев Н.А. Указ Президента Республики Казахстан от 29 июня 2011 года № 110«О Государственной программе функционирования и развития языков на 2011—2020 годы», 1 января 2017.
3. Назарбаев Н.А. Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана. 31 января 2017 г.

Расскажите о нас своим друзьям: