Языки народов Российской Федерации | Филологический аспект №6 (14) Июнь, 2016

Дата публикации 28.06.2016

АҚ – ҚАРА ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРІНІҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕРДІ ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

Жампейсова Жанна Муратбековна
Таразский государственный педагогический институт, г. Тараз

Аннотация: В статье рассматриваются участие лексических единиц черный – белый в формировании эмоционального концепта, то есть духовных особенностей нации, которые предусмотрены особенности формирования концептов.
Ключевые слова: когнитивная парадигма, эмоциональный концепт, образ мира, лексические единицы "белый-черный"

PARTICIPATION OF LEXICAL UNITS BLACK – WHITE IN FORMATION OF THE EMOTIONAL CONCEPT

Zhampeisova Zhanna Muratbekovna
Taraz state pedagogical Institute Kazakhstan, Taraz

Abstract: In article are considered participation of lexical units black – white in formation of the emotional concept, that is spiritual features of the nation which are provided features of formation of concepts.
Keywords: cognitive paradigm, emotional concept, image of the world, lexical units "white-black"

Когнитивтік тіл білімі – ХХ ғасырда философия, психология және тіл білімінің тоғысуынан пайда болған, таным мен білімді қолдану мәселелерін зерттеу бағытының кешені. Қазіргі талаптарға сай тіл білімінде тілді әр түрлі бағыттарда кешенді түрде, яғни тілдің биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және коммуникативтік негіздерін зерттеу қолға алынып отыр. Ұлттық іс-әрекетті талдауда, ең алдымен, қалыптасу, сақтау, адамзат тәжірибесінің берілу процестерін адам туралы ғылымның барлық бағытының бір-бірімен байланысынсыз елестету мүмкін емес. Дәл осы когнитивтік парадигмада тілдік қабілет адам ақыл-ойының басқа аспектілеріне (қабылдау, ойлау, ес) тәуелді қарастырылады.
Когнитивтік тіл білімінде бүкіл әлем бейнесінің адам санасында бейнелену мәселесі маңызды орынға ие. Әр түрлі халық өкілдерінің, әр адамның концептуалдық әлем бейнесі әр түрлі болуы мүмкін. «Әлем бейнесі» терминін философия мен логикада алғаш рет Л. Витгенштейн ұсынған болатын. Ал тіл біліміне бұл терминді Л. Вейсгербер енгізді. В.П. Руднев «әлем бейнесін» «ақиқат туралы сезімдік таным жүйесі» деп анықтайды [1].
Тілде жалпы адамзаттық тәжірибемен қатар, ұлттық тәжірибе де бекітіледі. Ұлттық тәжірибе тілдің өзгеше ерекшеліктерін анықтайды. Бұл әр түрлі халық тілінде ерекше тілдік әлем бейнесінің пайда болуына әкеледі. Ал әлем бейнесінің әр халықта түрлі болуы олардың мәдениетінің, әдет-ғұрпының әр түрлі болып келуімен түсіндіріледі.
Концепт – когнитивтік тіл білімінің негізгі категорияларының бірі. Концепт ретінде адамның әлем туралы мәдени-ұлттық дүниетанымын білдіретін тілдік бірліктер танылады. Концепт арқылы тіл мен адам ойының арасындағы байланыс жүзеге асырылады. Концепт – жеке тұлғаның тілдік санасының элементі, ал сана – мәдениет айнасы. Санаға ақпарат түседі, өңделеді, жүйеленеді және сақталады. Сана тілдесімге түсушілерге қарым-қатынастың белгілі бір жағдаятында ақпаратты беру үшін тілдік құралдарды таңдауды анықтайды. Сөз белгісінің өзгермейтін семантикалық тірегі концепт – сөзде құпия таңбаланған ұлттық сананың өзіне ғана тән бір бөлігі. Біз мақаламызда «ақ» – «қара» лексикалық бірліктерінің адамның көңіл-күйін білдіретін эмоционалды концептілерді жасау ерекшеліктеріне тоқталамыз.

Қуаныш-бақ ↔ уайым-қайғы

«Ақ» – «қара» лексикалық бірліктері «қуаныш-бақ» – «уайым-қайғы» оппозициялық концептін құрады. «Қуаныш-бақ» концептін мәре-сәре болу, ду күлкі, шаттық, басына бақ қону, жаны жаздай, жаздай жадырау, бағы ашылу, қуаныштан басы айналу, біресе күліп, біресе жылау, қуанғаннан бәрін ұмыту, жүзінен нұры төгілу, күлкісін жия алмау, қуаныштан жарыла жаздау, гүл-гүл жайнау, төбесі көкке жету, қуаныштан жүрегі жарылардай болу, қуанышында шек жоқ, жүзіне күлкі үйірілу, ақ түйенің қарны жарылу, ақ күн туу тілдік бірліктері құрайды. «Қуаныш» концепті «бейбітшілік», «тыныштық», «бірлік», «молшылық», «байлық» концептілеріне жақын, өзара тамырлас. Сол себепті ақ түйенің қарны жарылу, ақ күн туу фразеологиялық тіркестері қолданылу ерекшеліктеріне қарай осы концептілердің барлығына ортақ семантикалық өріс құрауға қатысады. Мысалы, – Нарша байғұс қуанып, ақ түйенің қарны жарылып жатыр десеңші онда (Ә. Нұршайықов).
«Қуаныш-бақ» концепті «уайым-қайғы» концептімен оппозициялық жұп құрайды. «Уайым-қайғы» концепті мұң, салы суға кету, ұнжырғасы түсу, қасірет тарту, қамығу, шүберектей болу, еңсесі түсу (езілу), бас көтермеу, санасы санға, ойы онға бөліну, дүниеден безу, басына бұлт үйірілу, жайлауын өрт алғандай, көңілі ортаю, марқұм болу, боздау, сары уайымға салыну, сағыныштан сарғаю, көктей солу, қара басу, қайғысыз қара суға семірер, қара маңдай, қара бақ, қара көңіл, қара уайым, көңілі қара қазандай болу, ақтық күн, қара тігу, қаралы, қара жамылу, қайғыменен қара жамылу, қара күн туу, қара бұлт торлау тілдік бірліктері арқылы көріністенеді.
Қара тігу, қаралы, қара жамылу, қайғыменен қара жамылу – өлім-жітімге қатысты салт-дәстүр негізінде қалыптасқан тілдік бірліктер. Ері, жанашыры өлген әйел басына, үстіне қара түсті киім киіп, аза тұтатын болған. Осы аялық білім негізінде қара жамылу фреймі сақталған. Мысалы, Күйеуі өлген келіншек басына қара жамылып, үш жыл бойы әндеткен жоқтау айтып, зар қаққан (А. Жұбанов).
Қара тігу фразеологиялық тіркесі – «өлген кісіге тігілген үйдің оң жақ белбеуіне найзаға кісінің жасына қарай ақ, көк (қызыл), қара ту байлау салты» [2, 53 б.] негізінде қалыптасқан фреймдік құрылым. Мысалы, Байдалы сүйекті орналастырып болысымен, сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне, өз қолымен әкеп қара тікті (М. Әуезов).
Кісі өлімі кезінде жасалатын қара тігу, қара жамылу дәстүрлері негізінде өлген кісіні жоқтаушыларды қаралы деп анықтайды. Мысалы, Алғыс айтып қаралы ана бата берген (М. Әуезов). Бұл жоқтаудың осы отырған халайық есітіп көрмеген, болжап білмеген санасы да, қаралы сәні де басқаша (М. Әуезов). Ол отырған осы қара шаңырақ бүгінгі қаралы қалпында сол бір таза, ғазиз, бөлек жанды қатты ойлантады (М. Әуезов). …анталаған жау, антұрған ұры-қарысы, ерегескен дұшпаны жоқ халықтың бостандыққа, теңдікке қолы енді ғана жетіп, жетісеміз деп отырған шағында шаңырағы ортасына түсіп, өрт шалған ормандай қара күйік болып қалуы – қандай ғана қасиетсіздің қарғысы еді (О. Бөкей). Соңғы мысалда уайым-қайғы концепті өрт шалған ормандай қара күйік болып қалу фреймдік құрылымы арқылы берілген. Өлім-жітімге қатысты қалыптасқан қара жамылу фреймі жалпыланып, ешкімі өлмесе де бейнелі түрде «қайғы-қасірет» концептін беретін болған. Мысалы, Бүркітбайдың босағасында басыма қызыл желек бүркелсе, саған деген ақ жүрегім қара жамылып жататын болады кеудемде (Ә. Нұршайықов).
Қара көңіл – «қайғылы, шерлі, қам көңіл» [2, 44 б.]. Мысалы, Сайра да, зарла, қызыл тіл, Қара көңлім оянсын. Жыласын көзден жас ақсын, Омырауым боялсын (Абай). Жарқ етпес қара көңлім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да (Абай).
Қара күн туу – бақытсыздыққа душар болу. Мысалы, Сорлы Тотой басына қара күннің туғанын әлі білмейді (Ш. Айтматов).
Қара маңдай фразеологиялық тіркесі жолы болмаған, бақытсыз, өмірі уайым-қайғыға толы семалары негізінде уайым-қайғы концептін кескіндейді. Маңдай – халық танымында бақ қонар жер, сол себепті оны жабуға болмайды деген түсінік қалыптасқан. Маңдайына/пешенесіне жазылған тілдік бірлігінде маңдай тағдыр концептін көріністейді. Соған қатысты тілімізде маңдайының ырысы бес елі (бақытты), маңдайының соры бес елі (бақытсыз), маңдайына біткен (жазмыш), маңдайына тас тию (бақытсыздыққа ұшырау), сор маңдай (бақытсыз) тілдік бірліктері объективтенген. Ал қара маңдай тіркесімінің қалыптасуына қараның «қайғылы» семасы негіз болған. Осы тілдік бірлікпен мағыналас қолданылатын қара табан, қара жон тіркестері де «қайғы-қасірет», «бақытсыздық» концептілерін құрады. Мысалы, Таңғы нәсібін тәңірден күтетін қаақтың жайбасарлығына асыра сілтеудің сауатсыз саясаты қосылып, сандаған жұрағат жан тапсырды да, мың өліп, мың тіріліп үйренген қара табан, қара жон сормаңдай елдің тірі қалғандары қыбыр-жыбыр тіршілігін қайта бастады (О. Бөкей).
Қара бұлт, қара боран бейнелі түрде «қайғы-қасірет» концептін бейнелейді. Мысалы, Өздерінің күнделікті ішіп-жемінен аспайтын орташа ғана шаруасы бар, сол орташа шаруасын ешқашан да шашау шығарып көрмеген үйелменнің басына да қара бұлт торлап, тықыр таянған (О. Бөкей).
Мәдени концептіге жататын «ақ» – «қара» тілдік бірліктерінің кумулятивтік қызметі зор. Бұл халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі, дүниетанымы негізінде қалыптасқан аялық білімге негізделеді. «Ақ» – «қара» тілдік бірліктері халық тәжірибесіне негізделген танымдық ақпараттарды өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиетке ие. Себебі «ақ» – «қара» лексикалық бірліктері халқымыздың мифтік танымы, салт-дәстүрі, ырым-жоралғылары, әлем туралы түсінігі, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы ақпараттарды өз бойларына жинақтап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыр.
Тұжырымдай келе, «ақ» – «қара» тілдік бірліктерін когнитивтік тұрғыдан қарастыру олардың тек қабылданған семантикалық құрамдарын ғана емес, мүмкін әлеуеттік семантикалық құрамдарының маңыздылығын да көрсетеді.


Список литературы

1 Руднев В.П. Словарь культуры ХХ века: Ключевые понятия и тексты. – М.: АГРАФ, 1999. – 381 с.
2 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: 10 томдық / Жалпы ред. басқарған А.Ы. Ысқақов. – Алматы: Ғылым, 1980. – 5 т. – 639 б.
3 Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным. – 2001. – № 4. – 39-43 бб.
4 Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 160 б.

Расскажите о нас своим друзьям: