Языки народов Российской Федерации | Филологический аспект №5 (25) Май, 2017
УДК 81.1
Дата публикации 24.05.2017
Мақал-мәтелдердің қолданылу ерекшеліктері
Шаханова Эльмира Аманжоловна
Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ
Аннотация: Мақалада кейбір мақал-мәтелдердің қолдану сипатына талдау беріледі.
Ключевые слова: Мақал, мәтел, тілдік ерекшелігі, танымдық тәжірибе
Мақал-мәтелдер халық даналығы ретінде ауыз әдебиетінің бай қазынасына айналып, оның шағын жанрларының қатарынан орын алады. Мақал – мәтелдер өзінің бейнелі табиғатымен көркем сөз өнерінің көрікті де құнарлы үлгілеріне жатады. Мақал-мәтелдер тереңнен қозғап, кең толғап ой тұжырымының мәйегі, қысқа да нұсқа түйіні ретінде философиялық категория болып саналады.
Мақал-мәтелдерде халықтың тұтас танымдық тәжірибесі, оның адамгершілік-этикалық, әлеуметтік-эстетикалық, көркемдік және тәрбиелік мақсаттары бейнеленген. Аталған тілдік бірліктер халықтың даму тарихын бойына жинақтап, халықтың мінез құлқының жағымды, жағымсыз жақтарын сынайды. Мақал-мәтелдер адамның әр түрлі көзқарастарын, қарым-қатынастарын бейнелейді. Мақал-мәтелдердің сан түрлілігі баланың ойлау қабілетін дамытып, сөйлеу дағдыларын жетілдіретін құнды материал болып табылады.
Әрбір этностың адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени рөлін, өркениетке қосқан үлесін, рухани болмысы мен ментальдық құндылығын бағалағанда оның даналық қорында жинақталып, қалыптасқан мақалдары мен мәтелдерінің ауқымын ғана емес, дүниетанымдық ой-парасатының тұңғиық тереңдігін де, шарықтау шегінің биіктігі мен мазмұн-мәнінің кеңдігін де ескерген абзал. Осы тұрғыдан алып қарағанда қазақ мақал-мәтелдерінің өткен өмір мен бүгінгі болмысты танып-білудегі логикалық, философиялық, дүниетанымдық, эстетикалық, тағылымдық, прагматикалық мәні өте зор. Ауыз әдебиетінің қазынасында мақал-мәтелдің алатын орын ерекше. Мақал-мәтел ел өмірінде
орын тепкен барлық құбылыстарға тұжырымды, қысқаша қорытынды жасаған энциклопедия тәрізді. Мақал – өмірлік тәжірибеден туындаған түйінді пікір тұжырымды сөз өрнегі немесе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Мәтел – белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайтын, астарлап, жұмбақтап айту мәні басымдау болатын халық мұрасы. Мақал-мәтел – зердемізді ашып, ұлттық сана-сезімімізге әсер етіп, салт-дәстүрімізді және әдет-ғұрпымызды кеңінен танып білуге үйретеді, дүниетанымдық көзқарасымызды қалыптастырады. Тіліміздегі он бес мыңнан астам мақал-мәтел қазақ елінің өткен тұрмыс тіршілігімен қазіргі болмысын көрсетеді. Мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің бай қазынасының шағын жанрлары ретінде халық даналығы қатарынан орын алады. Көркем сөз өнерінің көрікті де, құнарлы үлгілері болып табылатын тіліміздегі мақал-мәтелдер өзінің бейнелі табиғатымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдер тереңнен ой қозғап, белгілі бір ойды тұжырымдайды. Мақал-мәтелдер, ең алдымен, міндетті түрде жеке дара адамдардың, көбінесе, ділмар-шешен адамдардың дуалы аузынан шығып, халық арасына тарап, елдің жадында сақталуы арқылы қалыптасады. Мақал-мәтел деген терминнің өзі тілімізде араб тілінен енген. Мақал-мәтел өмірдегі түрлі жағдаяттарды қорытындылау негізінде туады. Ол – тіршіліктегі тартыстың, толассыз күрестің, әлеуметтік қайшылықтардың тәжірибесі, философиялық мәні. Ол өмір заңдарына терең бойлаудан, салыстырудан, адамзаттың талай белестерінің ақықатын толғаудан туындаған.
Мақал-мәтелдер де ауыз әдебиетінің баса да салалары секілді замандар барысында сұрыпталған, өңделіп, мәні өткірленген. Өмірдің талабына сәйкес келмей жатқан ұғымдар қолданыс барысынан ысырылып, ескірмесі, заманға ілесетін даналықтар ғана сақталып отырған. Ауызша түрде тарап отырғандықтан, көпшілік жалпылап айтқандықтан мақалды шығарушы авторлардың аты уақыт өте келе ұмытылып, көпшілікке жалпы ортақ рухани байлыққа айналған. Мақал мен мәтел – екі жанр. Дегенмен де, олардың мағынасына, құрылысына, атқаратын қызметіне қарай әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мақал аяқталған ойды білдіреді, дербес тұрып та мағына береді. Мақалда дәлел мен қорытынды қатар айтылады [2,42].
Мәтел жеке тұрып тиянақты ойды бере алмайды, тек белгілі бір ойды ажарлау, айқындау үшін және сілтеу, меңзеу мағынасында қолданылады. Сонымен мақал-мәтел – қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы, қазақ халқының тұрмысын, кәсібін, салтын, дүниеге көзқарасын бейнелейтін шағын халық шығармасы [2,56]. Қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, ауызша айтылып, халық жадында сақталған. Оларды жинау, жариялау ісі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алынды.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді алғаш рет қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уалиханов. ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында Шоқан Уалиханов ел аралап жүріп, ел аузынан екі жүзден астам мақал-мәтелді тізіп, жазып алған.
Қазақ әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдерді жариялаған әдебиеттердің арасында Орынбор қаласында 1879 жылы жарық көрген, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің Хрестоматиясының алатын орны ерекше. Мұнда қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулылары жинақталған әрі жүйеленіпп тақырыптық қағидамен берген. Ы.Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, халық мұрасын жинап, жариялауға да үлкен үлес қосқан, кейінгі жинаушыларға үлгі-өнеге көрсеткен. 1923 жылы Москвада «Мың бір мақал» (құрастырушы Әбубәкір Диваев), 1927 жылы Ташкентте «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір Диваев),1935 жылы Алматыда «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (құрастырушы Өтебай Тұрманжанов), 1950 жылы Алматыда «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Балым Ақмұханова),1968 жылы Алматыда «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» (аударушы Мақсұтбек Майшекин), 2004 жылы Алматыда «Халық даналығы» (авторы Әбдуәли Қайдар), 2007 жылы Алматыда «Ұлылық қалғыса ұлт қайғыға кетеді» (құрастырғандар Сұлтан Шәріпұлы, Өтепберген Ақыпбекұлы) сияқты еңбектер жарық көрді.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік ішінде қойдың алар орны ерекше. Қойдың еті мен сүті – тамақ, жүні мен терісі – киім әрі баспана. Қой өте өсімтал келеді, «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деп, оның маңыздылығын арттыра түскен. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – бес саулық» деп, «Қойлы бай – қорлы бай» деп, дәулеттің алды ретінде қой малын санаған. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген қорытынды да адамның тоғышарлығын сынап, «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп тағы да сынай түседі. «Қойдың саны мыңға жетсе, керегенің басынан бас кетпейді», «Қой алты күн аштыққа шыдайды». Міне, бұдан шығатын қорытынды қарапайым шаруаның күн көріс көзі қой малының қажетті мал екенін аңғару қиынға соқпайды. Сондықтан бірқатар мақалдарда «Малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан», «Қойың болмаса, байлықта ойың болмасын» [4,55],- деп, қой шаруашылығының өнімді әрі тиімді тұстарын кеңінен бейнелеген. Бірақ қай мал болса да олардың өздігінен өсіп-өнбейтіні белігі, қой малы да сондай. Оның қорасын, өрісін, жай-жапсарын білу керек. Өйткені «Қой өрісі – қорадан», «Қой өлді болмай, төлді болмайды», «Күн батса қойға соқпақ табылады», «Қой көрмеген қой көрсе қуалап жүріп өлтіреді» [4,47]. «Мал өсірсең, өрісін тап», «Қой семізі – қойшыдан», «Тоғышардың ту қойы қысыр қалады», «Қойды қорадан сат, астықты ұрадан сат» [ 4,126], – дейді шаруа.
Қойдан кейінгі шаруа қолға қолайды түліктің бірі – сиыр малы. Сиыр ең алдымен сүтімен, етімен пайдалы. Сондықтан шаруа арасында «Сиырлы бай – сары май» , «Сиырлының үйі айран, сиырсыздың үйі сырдаң», «Тана пайда бермесе, тәңір пайда бермейді» [4,26], – деген бағалаулар бар. Бірақ малдың бәрі бірдей емес. Қай түліктің болмасын сапалы, өнімді, өсімтал келуі ең алдымен оның тұқымына байланысты. Сондықтан халық «Сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғыл ал», деп жылдар бойға тәжірибесін ұсынса, «Сиыр мүйіздің күші болмайды, егіз мүйізді сиырдың сүті болмайды» [4,22], – деп тағы да ескертеді. Сиыр күш, көлік ретінде де қолданылатын мал. Сондықтан шаруа бұл түліктің күшіне үлкен мән беріп, «Өгізге «өк» дегізген өлім», «Өгіз өлген жерінде өкіреді», «Өгіз өлгенше өседі», «Дихан болсаң, өгізің болсын» [4,128], -деген бірқатар мақал-мәтелдер арнаған. «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді», «Жаман сиыр жазда бұзаулайды», «Өгіз мінгеннің өмірі өксиді» деген мақалдар сиыр малына қатысты өмірлік тәжірибесін көрсетеді. Қайсы бір жайсыз адамдардың жағымсыз қылықтарын сынағанда да, сиыр малыныың ұнамсыз жақтарын алынады. «Соқыр сиыр соқпақшыл, жаман адам тақпақшыл», «Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді» – дейді. [4,44].
Көшпелі қазақ шаруасының қолындағы сүйкімді малы – түйе. Түйе жүні мен терісі – киім, сүті – сусын, еті – ас. Әсіресе, түйе көш көлігі ретінде бағалы. Ол – сиырдай емес, сирақты мал. Қыста суыққа төзімді келсе, жазда ыстыққа төзімді, әсіресе шөлге, аштыққа да шыдамды. «Жалғыз баласы өлген жұртта қалмайды, жалғыз түйесі өлген жұртта қалады», «Қоңсы ақысын түйе қайтарады», «Бесті бураның күні күркірейді», «Түйелі ел қырға, түйесіз ел Сырға» [4,19], – дейтін мақалдар қазақ халқы шаруашылығындағы түйе малының қагшалықты маңызды қызмет атқаратынын аңғартады. «Түйе алпыс күн аштыққа, отыз күн шөлге шыдайды», «Нар жолында жүк қалмас», «Ауырды нар көтереді, ауруды ер көтереді» деп, төзімділікке, шыдамдыққа баули отырып, мақтайды. Ұлы Дала жерінде көшпелі елдер арасында сауда-саттықтың, алыс-берістің, жалпы құрлықтағы жол қатынасының негізгі көлігі болған түйенің «дала кемесі» атануы да тегін емес. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп адамның жуасытығына сын тағып, қайраттандырса, «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты», «Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді», «Жалғыз түйе бақырауық» [4,124],- деп те түйе малын мысалға алып, адам мінезін сынап та қояды.
Жылқы – қазақтың ең сүйікті малы, ол халық үшін, ең алдымен, көлік ретінде, екіншіден, сусындық сүтімен, дәмді етімен қымбатты. Жылқы терісін киімге жаратумен бірге, жүген, ноқта, тартпа, құйысқан, өмілдірік, үзеңгі бау, қанжыға бау, қамшы секілді ер-тұрман әбзелдері түгел дерлік жылқы терісінен
жасалады. «Жылқы – малдың патшасы» деген мақал жылқы малының халық танымында жоғары тұратынын, ал «Ат ұстаған азабынан құтылады», «Аттылы ақысын жауға жібермес» деп, жылқының қажеттілігін арттырады, «Сауын саусаң, бие сау – боз қырау түспей суалмас», «Саумал ішсең, қымыз жоқ, Байтал мінсең, құлын жоқ» [4,5], – деп, аса жоғары баға берген. Мақал-мәтелдерде жылқы малының сынын, сыр мінезін жіті аңғартатын «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме», «Ат кісініскенше, адам сөйлескенше» т.б. бірқатар мақалдар баршылық. «Бәйгеден ат келмейді, бап келеді» деп, оның бабын тауып пайдалана білу жолдары да назардан тыс қалмаған. «Сырын білмеген аттың, сыртынан жүрме», «Ат мінбей, атыңды мақтама» [4,26], – депте ескерту жасайды.
Мақал-мәтелдерді поэтикалық жанр ретінде байыптаған зерттеушілердің жұмысына көз салсақ, халық даналығы оның тілінде, мәнді де мағыналы сөзінде екендігін бірден аңғарамыз. Демек, мақал-мәтелдерді көркем сөз өнерінің көрікті өрнегі, ұлт рухының құдіретті күші деген анықтамамен келіспеске болмайды.
Мақалдың қазіргі заманғы адамның рухани-адамгершілік мәдениетін дамытудағы маңызы өзекті. Аталған шағын фольклорлық жанрда қаланған адамгершілік қағидаттары жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастыруда да орны ерекше. Осы тұрғыдан қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер тілдің жүйесін зерттеуде де, сондай-ақ мәдени және моральдық құндылықтарға тәрбиелеуде де үлкен ғылыми құндылығы бар.
Список литературы
1.Қазақ мақалдары // құрастырушы Әбубәкір Диваев. – Ташкент, 1927ж.
2.Қазақтың мақалдары мен мәтелдері //құрастырушы Өтебай Тұрманжанов. – Алматы, 1935ж.
3.Белинский В.Г. Шығармаларының толық жинағы, ІІ том, Москва, 1953. – 172б.
4.Шәріпұлы С., Ақыпбекұлы Ө. Ұлылық қалғыса ұлт қайғыға кетеді Алматы, 2007ж.