Языки народов Российской Федерации | Филологический аспект №6 (14) Июнь, 2016

Дата публикации 08.06.2016

АҚ – ҚАРА ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРІНІҢ АКСИОЛОГИЯЛЫҚ КОНТРАСТ КОНЦЕПТІЛЕРДІ ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

Жампейсова Жанна Муратбековна
Таразский государственный педагогический институт, г. Тараз

Аннотация: В статье рассматриваются участие лексических единиц черный – белый в формировании концепта аксиологического контраста, то есть духовных особенностей нации, которые предусмотрены особенности формирования концептов.
Ключевые слова: лексические единицы, черный, белый, концепт, аксиологический контраст

PARTICIPATION OF LEXICAL UNITS BLACK – WHITE IN FORMATION OF A CONCEPT OF AXIOLOGICAL CONTRAST

Zhampeisova Zhanna Muratbekovna
Taraz state pedagogical Institute Kazakhstan, Taraz

Abstract: In article are considered participation of lexical units black – white in formation of a concept of axiological contrast, that is spiritual features of the nation which are provided features of formation of concepts.
Keywords: lexical units, black – white, concept , axiological contrast

Ұлттық тәжірибе тілдің өзгеше ерекшеліктерін анықтайды. Тілде жалпы адамзаттық тәжірибемен қатар, ұлттық тәжірибе де көрініс табады. Бұл әр түрлі халық тілінде ерекше тілдік әлем бейнесінің пайда болуына әкеледі. Ал әлем бейнесінің әр халықта түрлі болуы олардың мәдениетінің, әдет-ғұрпының әр түрлі болып келуімен түсіндіріледі. Олар тілде концепт арқылы көрініс табады.
Концепт ретінде адамның әлем туралы мәдени-ұлттық дүниетанымын білдіретін тілдік бірліктер танылады. Концепт арқылы тіл мен адам ойының арасындағы байланыс жүзеге асырылады. Концепт – жеке тұлғаның тілдік санасының элементі, ал сана – мәдениет айнасы. Санаға ақпарат түседі, өңделеді, жүйеленеді және сақталады. Сана тілдесімге түсушілерге қарым-қатынастың белгілі бір жағдаятында ақпаратты беру үшін тілдік құралдарды таңдауды анықтайды. Сөз белгісінің өзгермейтін семантикалық тірегі концепт – сөзде құпия таңбаланған ұлттық сананың өзіне ғана тән бір бөлігі. Біз мақаламызда «ақ» – «қара» лексикалық бірліктерінің аксиологиялық контраст концептілерді, яғни ұлттың рухани ерекшеліктерін танытатын концептілерді жасау ерекшеліктеріне тоқталамыз.
Ізгілік ↔ зұлымдық
Адам өмірінің маңызды қырларының бірі саналатын ізгілік – зұлымдық концептілері, олардың арақатынасы мәселесі қазақ халқының дүниетанымында кеңінен орын алған. Мұсылман өркениетіне дейінгі уақытта бұл мәселеге қатысты көптеген қанатты сөздер мен құнды ой-пікірлер айтылған. Бұған өмірімізге таптырмас серік болар мақал-мәтелдеріміз дәлел. Адам болмысының рухани құндылықтарының ішінен ерекше көрінген ізгілік концепті сол кезең үшін маңызды жалпыадамзаттық ілім ретінде қоғамдық санада көріністенді. «Үлгілі қаланы» әл-Фарабидің «ізгі» қала, кемелденген жанды Ж. Баласағұнның «ізгі» жан, сопылық жолын Қ.А. Иассауидің «ізгілік» жолы деп алу мәнісі де осы бір «ізгілік» концептіне қатысты өзгерістермен, рухани өркендеумен байланысты.
Адам өмірінің ажырамас маңызды мәселесі – ізгілік пен зұлымдық арақатынасының ертеректен зерттеу нысаны ретінде қалыптасуы қазақ дүниетанымының жалпыадамзаттық мәселелерді тереңінен толғағандығын дәлелдейді. Ізгілік – адам болмысының ой, қиял, пікір, ілім, іс-әрекет арқылы көрінетін күрделі әрі қозғалмалы құбылыс. Құбылыс дейтін себебіміз, ол – бір адамның екінші адамға қатынасынан және адамның қоғамға қатынасынан көрінетін терең ұғым әрі тұлғалық құнды қасиеттердің жиынтығы.
Ізгілік пен қайырымдылық, жақсылық пен жамандық концептілерінің тарихы о бастан дінмен, адамзат тарихымен байланысты қалыптасқан. Ізгілік пен зұлымдық мәселесі – жалпы адамзаттың даму тарихында маңызды орын алатын концептілер. Басты назарды адамдық құндылықтарға аударуды мақсат етіп, адамның әлемдегі орны мен қызметі, ақылы мен сенімі, танымы мен еркіндігі сияқты адам болмысының күрделі де маңызды жақтарын түсіндіруде көбінесе біржақты, шектеулі деп бағаланып келген, әсіресе діни бағыттағы ілімдердің бүгінде адамзат болашағына қатысты көзқарастар мен ағымдарға әсер ететін қайнар көздер ретінде маңызы арта түсуде.
Қасиетті Құранда адам жаратылысының ізгілікке де, зұлымдыққа да бейімділігі мәселесі негізгі орынға қойылған. Зұлымдық табиғатына тән негізгі ерекшеліктің бірі – адамның өз қолымен жасалатын зұлымдық істерінің ізі, нәтижесі күнә мәселесі. Күнә бұл адам еркіндігінің қоғамдық қатынастарда жүзеге асырылуы. Адамның сана-сезімі ізгілікке бейім жаратылғанымен, ол ізгілік жолына тұрақты бекітіліп қоймаған. Қоғамдық қатынастар арқылы жүзеге асырылатын адам еркіндігінің бір туындысы ізгілік болса, қарама-қарсылық заңы бойынша міндетті түрде болатын тағы бір туындысы – зұлымдық. Еркіндік – зұлымдықтың өсіп-өнуінің негізгі шарты. Еркіндік болмаған жағдайда зұлымдықтың өсіп-өнуі азаяды. Зұлымдық пен күнә – бір-бірімен тығыз байланысты концептілер. Күнә жасалған жерде зұлымдық та негіз қалайды. Күнә – зұлымдықпен қатар болатын, қалыптасып дамитын құбылыс.
Ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілері адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, яғни қоғамдық қарым-қатынас негізінде қалыптасатын құндылықтар. Себебі адамның жақсы немесе жаман, ізгі немесе зұлым, адал немесе арсыз екенін қарым-қатынассыз ажырату қиын. Сондықтан бағалауыштық сипаттағы ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілерін «адам – қоғам» макроконцепті құрамында қарастырамыз. Олар тілімізде ақ – қара лексикалық бірліктері арқылы көріністенген. Жақсылық – жамандық концептілерінің ассоциативтік аясы кең. Сол себепті олар ізгілік – зұлымдық, тазалық, адалдық – арсыздық, әділдік, шындық – әділетсіздік, жалғандық концептілерін де өзіне қосып алады.
Ізгілік концепті ақ тілеу, ақ босаға, ақ жол, ақжолтай, ақ ниет, ақ көңіл т.б. тілдік бірліктері арқылы, ал зұлымдық концепті ұрынарға қара таппау, қара түнек заман, қара күн туу, қара қол, қара күш т.б. тілдік бірліктері арқылы көріністенеді. Сонымен қатар, ізгілік – зұлымдық концептілері құрамына алғыс – қарғыс концептілері де енеді. Алғыс концепті «ақ» тілдік бірлігі арқылы берілсе, ал қарғыс концепті «қара» атауы арқылы көріністенеді. Мысалы, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, ақ күн тусын, қара күн тусын, қара шашың жайылсын, көзіңнен қара қан ақсын, т.б.
Тазалық, адалдық ↔ арсыздық
«Ақ» – «қара» тілдік бірліктері «тазалық», «адалдық» – «арсыздық» оппозициялық концептілерін құрады. Оппозицияның бірінші мүшесі тазалық, адалдық концептін ақ пейіл, ақ жүрек, ақ ниет, ақ жан, ақ адал, ақтау, ақ сөз, ақ көңіл, ақ адал ас, аққа зауал жоқ, ақ аспан, сүттен ақ, судан таза тілдік бірліктері құраса, екінші мүшесі арсыздық концептін қара жүз, қара бет, жүзі қара, қара жағу, қара күйе жағу, қара пейіл, қара жүрек, қара ниет, қара көңіл, қара жан тілдік құралдары көріністейді.
Ақ пейіл, ақ жүрек, ақ ниет, ақ жан, ақ көңіл фразеологиялық тіркестері таза, адал ойдағы, арамдығы, күдігі жоқ семалары негізінде тазалық, адалдық концептін құрады. Мысалы, Өзінің ғана ар-намысын ластап қойған жоқ, ол біздің ақ жанымызға да қаяу салды ғой (Ә. Әлімжанов). Мінезі жібектей, арамдығы жоқ, ақ көңіл, аңқау, құдай беретін-ақ жігіт, кім білсін, әлі басы жас қой (С. Досымов).
Мысалдарда келтірілген тазалық, адалдық концептілерін беретін ақ пейіл, ақ жүрек, ақ ниет, ақ жан, ақ көңіл үлгілері ешкімге жамандық ойламайтын, арамдық жасамайтын, таза, адал стереотиптік мазмұнын кескіндейді. Ақ тілдік бірлігі тек фразеологизмдер құрамында ғана емес, өзі жеке қолданылып та тазалық, адалдық концептілерін береді. Мысалы, Мен сенің алдыңда ақпын (ауызекі).
Сүттен ақ, судан таза – кіршіксіз тазалықты көріністейді. Ғалым С.К. Сатенова осындай «формалды тұрғыдан алғанда, жарыспалы екі қатардан тұратын, ауызша түрде бір-бірімен кідіріс (пауза) арқылы, жазба сөзде үтір арқылы ажыратылатын» фразеологизмдерді қос тағанды фразеологизмдер деп атайды [1, 45 б.]. Халқымыз белгілі бір заттың, құбылыстың қасиетін, сапасын, өзіндік ерекшелігін анықтауда бейнелі түрде соған ұқсас заттармен салыстыру әдісін қолданған. Сондай әдіс негізінде сүттен ақ, судан таза; судан тұнық, сүттен таза фразеологиялық тіркестері дүниеге келген. Бұл тіркес бойында халықтың тұрмыс-тіршлігі, өмірлік тәжірибесі негізінде бекіген сүттің ақ, ал судың мөлдір таза болатындығы туралы аялық білім жатыр. Сол аялық білім негізінде адамның адалдығын, тазалығын білдіру үшін сүттен ақ, судан таза тіркесі жасалған. Мысалы, Дегенмен қамалып жатқандардың барлығы сүттен ақ, судан таза екеніне кім кепілдік бере алады (О. Бөкей).
Ақ адал – өз еңбегімен, адал жолмен тапқан табыс. Мысалы, Сонау алыстан ай бойы жүріп, сұрау салып зорға дегенде ақ адал малының сорабын тауып отырған жолаушылар мыналар (М. Әуезов).
«Арсыздық» концепті беті былш етпеу, үш кессең де қан шықпау, намыстан жұрдай, ар-ұяттан безген, имансыз, беті қалың, бетін тілсең, қан шықпайды, имансыз, көргенсіздік, мыңқ етпеу, беті бүлк етпеу, арына дақ түсіру, арын сату, арын аяққа басу, жаны ауырмау, қара жүз, жүзі қара, қара бет, қара жағу, қара күйе жағу, қара пейіл, қара жүрек, қара ниет, қара көңіл, қара жан, қара ой, қара басу тілдік бірліктері арқылы семантикалық өріс құрайды. Тілдік бірліктер ішінен зерттеу жұмысына қатыстылары қара жүз, жүзі қара, қара бет, қара жағу, қара күйе жағу, қара пейіл, қара жүрек, қара ниет, қара көңіл, қара жан, қара ой, қара басу тіркестері. Арсыздық концептін құруға қатысушы тілдік бірліктердің басым бөлігі бет, жүз лексикалық бірліктерінің қатысуымен жасалған. Себебі халық дүниетанымында бет, жүз – адам ар-ұятының айнасы. Қара жүз, жүзі қара, қара бет, қара жағу, қара күйе жағу фразеологиялық тіркестері астарында қазақ халқының салт-дәстүрінен, рәсімдерінен ақпарат беретін аялық білім жатыр. Халқымыз ар-ұятты жоғары ұстап, аса бағалы моральдық құндылық санаған. Ал жағымсыз , ұятсыз, қоғамға жат қылмыс жасаған адамды мойнына қара құрым киізді іліп, қолын байлап, бетіне қара күйе жағып, қара есекке немесе қара өгізге теріс мінгізіп, ауыл аралатып масқаралайтын болған. Ауыл әйелдері «қара бет», «қара жүз», «жүзі қара» деп, оның бетіне түкіретін болған. Осы тәрбиелік мәні зор дәстүр негізінде қара жүз, жүзі қара, қара бет, қара жағу, қара күйе жағу тілдік бірліктері қалыптасқан. Мысалы, «Қор болғаның осы… қызым… енді қайтып сенің қара жүзіңді, қазақ жалаған бетіңді көрмеймін, лағнет, лағнет», – деп аттарын ойнақшытып, көздері қанталаған туыстарымды ертіп, кері шаба жөнелді (О. Бөкей). – Ә, бетпақ, ә, жүзіқара, денеңе сіңген жын-шайтандарды қуып шыққаным ба жазығым (С. Адамбеков).
Қара басу – албасты басты, құдай ұрды. Бұл фразеологизм астарында халықтың ескі наным-сеніміне қатысты аялық білім сақталған. «Қара» лексикалық бірлігі ескі наным-сенім бойынша адамға зияндық жасайтын, теріс жолға бастаушы, ақ жолдан тайдыратын азғырушы жын-шайтан, марту, албасты, қасиетсіз мақұлық сияқты «қара күш» иелерін мазмұндайды. Адам осындай теріс жолға түсіруші күштердің азғыруына көніп, қоғамға жат, ұятты іс-әрекет жасайды аялық білімі арқылы қара басу тілдік бірлігі «арсыздық», «ұятсыздық» концептілерін жасап отыр. Мысалы, Қайтейін енді, қайтейін, байқаусызда мені қара басып қалды (С. Адамбеков). Қара басу фразеологиялық тіркесі «қара күштер» жаман іс-әрекеттердің себепшісі аялық білімі негізінде арсыздық концептімен қатар жолы болмау, ұмытып кету сияқты жағымсыз іс-әрекеттердің себепшісі қызметін де атқарады, яғни жағымсыз іс-әрекеттерді жасауға азғырушы күштің әсер етіп, әрекет иесінің соның құрығына түсіп қалуы себеп болады.
Қара ой – жаман, азғырушы ой. Қара пейіл, қара жүрек, қара ниет, қара көңіл, қара жан – басқаларға үнемі жамандық жасайтын, ойы арам, пиғылы бұзық, қаскүнем сұм адамға тән сипатты білдіру арқылы арсыздық концептін құрады. Мысалы, Қара ниет Жаманқара бұзық түнгі салқында көрпесін серпіп тастап, сәкіде ұйықтап жатқан Кәрімнің жүрек тұсынан қанжар салмайды (С. Адамбеков). Қырда – қара көңіл қазақ жуаны боп, қалада – парашыл төре, ұлық жуаны болып, бәрі қосылып Абайды қамағалы тұр (М. Әуезов).
Әділдік, шындық ↔ әділетсіздік, жалғандық
«Ақ» – «қара» лексикалық бірліктері «әділдік», «шындық» – «әділетсіздік», «жалғандық» концептілерін құрайды. Адам өзін қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ненің ақ, ненің қара екенін ажыратады.
«Әділдік», «шындық» концептілерінің семантикалық өрісі: адал; шындықты бетке айту; аққа құдай жақ; қара қылды қақ жару; ақты ақ деп, қараны қара деп тану; немен қарайсаң, сонымен ағар; ақталу; ағынан жарылу; ақ көңіл; ақ жүрек; ақ іс; ақ сөйле; ақты аныққа шығару; ақты-қарасын ашты: ақ-қарасын білу; ақ үстінен қара тану т.б.
«Әділетсіздік», «жалғандық» концептілерінің семантикалық өрісі: өтірік; жорта айту; түк білмегенсу; бүйрегі бүлк етпеу; жымын білдірмеу; мысық табандап келіп бас салу; алдау; арбау; бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалу; екіжүзділік; қаныпезер; ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс; қаны қара; ақты қара ету; қара күйе жағу; қара ниет; ақ жерден қара болу; ақ-қарасы тексерілмеу, қара түнек заман т.б.
«Әділдік», «шындық» концептілерінің негізін «ақ» лексикалық бірлігі құрайды. Мысалы, Оған өзгеше құрал керек – ақтыққа көз жетіп, адалдыққа көңіл сенгенде ғана ол күл болып көкке ұшады (Ә. Нұршайықов). Аққа құдай жақ тіркесі бойында діни сенімге қатысты адал адамның жолын құдай ашады, әділеттілік болады, қанша әділетсіздік жасалса да, адал адам жеңеді деген аялық білім жатыр.
Ақты аныққа шығару; ақты-қарасын ашты: ақ-қарасын білу; ақ үстінен қара тану; ақты ақ деп, қараны қара деп тану істің дұрыс-бұрысын, әділдігін, шындығын білу семалары арқылы «әділдік», «шындық» концептілерін көріністейді. Бұл тілдік бірліктер белгілі бір нысанның таза, таза еместігіне, дұрыс не бұрыстығына қатысты жасалған. Мысалы, Келген жандарал өткен істің ақты-қарасын аша ма деп, сенушілер де көп болды (С. Мұқанов). Сонда Қамар, әйтеуір, ақ үстінен қара тани ма деген адам еді деп, бір жағы жұртына шаққандай қып, қапасын бөліп, … мөлдіреген көзінің күйікті жасын тарс-тарс төгіп, өксіп отырып, мынаны айтты… (С. Торайғыров). Әділдік, шындық концептілері, көбінесе ақ пен қараны, яғни белгілі бір нысанның дұрыс-бұрыстығын қатар қоя отырып анықталады.
Ақ сөйле – әділдігін, шындығын айту, бұрмаламау семаларын беру арқылы әділдік, шындық концептілерін жасайды. Мысалы, Ақ сөйле, құлағыңа Ақмартуың сыбырлап кетті ғой, ақ сөйле! (М. Әуезов).
Ағынан жарылу – шындықты айту, сыр жасырмау мағыналарын білдіреді. Мысалы, Түн жамылып отырмыз ғой, ағымыздан жарылайықшы, жігіттер, сонда біз әкелеріміз соғыста аттанған соңғы үш-төрт жылда қайда жүрдік? (О. Бөкей).
Ақты аныққа шығару тіркесі бойында қарастырылып отырған концептілерді кескіндейтін шындықтың әділ төрелігін беру семасы жатыр.
Немен қарайсаң, сонымен ағару фразеологиялық тіркесінен қандай жамандық, арамдық жасасаң, сол жасаған кінәларыңды түзеу арқылы ағар, әділеттілік орнат аялық білімін көруге болады. Тіркес құрамындағы қараю жамандықты, әділетсіздікті, арамдықты кескіндесе, ағару әділеттілікті нұсқайды.
Ақталу – кінәдан, жаладан арылу, яғни әділдіктің орнауы. Мысалы, «Қыз көңілінде менің сәулем болмаса – онда жігіттің қандай жазығы бар» деп ойлайды да, бұл жағынан да Кәрімді ақтап шығуға тырысады Шынтас (С. Адамбеков). Осы мағынада ақталу ағару формасында да кездеседі. Мысалы, Жазықсыз айдалып, байланып кеткен «орташа» Қандауыр ағарып қайтып оралды (О. Бөкей).
«Әділетсіздік», «жалғандық» концептілерін құрайтын тілдік бірліктердің ішінде біздің зерттеу жұмысымызға қатыстылары – ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс; қаны қара; ақты қара ету; қара күйе жағу; қара ниет; ақ жерден қара болу; ақ-қарасы тексерілмеу тіркестері.
Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс немесе Ақ дегені – ақ, қара дегені – қара фразеологиялық тіркестері айтқаны болған, әмірі жүрген, яғни істің ақ-қарасына қарамай, тек соның айтқаны болатын деген мағыналарды беру арқылы «әділетсіздік» концептін көріністейді. Мысалы, Өкімет басында отырғандардың бар-барлығына сендік, ал олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болды (О. Бөкей). Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болсын дейді (М. Әуезов).
Ақты қара ету, қара күйе жағу, ақ жерден қара болу фразеологизмдері босқа күю, жазықсыздан жапа шегу, жала жабу семалары негізінде «әділетсіздік», «жалғандық» концептілерін көріністейді. Бұл тіркестер белгілі бір таза нысанға жала жабу негізінде жасалған.
Ақ-қарасы тексерілмеу – істің дұрыс-бұрыстығы тексерілмеу деген мағынаны білдіру арқылы «әділетсіздік», «жалғандық» концептін жасайды. Мысалы, «Арызымыз тыңдалмай, ақ-қарамыз тексерілмей өле беретін болған соң, біз де бір, белгілі мұттайым кісі де бір болғаны ғой» (М. Әуезов).
Қара түнек заман (дәуір, өмір) – «қараңғылық жайлаған, әділетсіз заман, ауыр тұрмыс» [2, 53 б.]. Мысалы, Жаяу Мұса кешегі қара түнек заманның өзінде әйел мәселесіне дұрыс қараған (А. Жұбанов). Қара түнек заман (дәуір, өмір) тілдік бірлігінің «әділетсіздік», «қараңғылық» концептілері қара түнек тіркесінің қап-қараңғы, көзге түртсе көргісіз қараңғы деген тура мағынасымен ассоциативтік қатынас негізінде жасалған. Бұл концептілердің «ақ» – «қара» арқылы тілімізде көрініс табуы әмбебап сипатқа ие. Себебі әлемдегі көптеген халықтар танымында «ақ» пен «қара» шындық пен жалғандықты сипаттайды.


Список литературы

1 Сатенова С.К. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты: Филол. ѓыл. д-ры дис.: 10.02.02. – Алматы, 1997. – 260 б.
2 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: 10 томдық / Жалпы ред. басқарған А.Ы. Ысқақов. – Алматы: Ғылым, 1980. – 5 т. – 639 б.
3 Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 160 б.
4 Жаркынбекова Ш.К. Языковая концептуализация цвета в казахском и русском языках: Автореф. дис. д-ра филол. наук: 10.02.20. – Алматы, 2004. – 49 с.
5 Аитова Н.Н. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы: Филол. ѓыл. канд. дис.: 10.02.02. – Алматы, 2005. – 128 б.

Расскажите о нас своим друзьям: